Республикалық «Парктер шеруі – 2026» табиғат қорғау акциясы аясында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының мамандары «Құстарды бақылаудың көктемгі декадасы» экологиялық іс-шарасын ұйымдастырып, оқушыларға танымдық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға Қаратерең елді мекенінің мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысты. Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыру, құстар әлемін қорғаудың маңыздылығын түсіндіру және экологиялық білім деңгейін арттыру. Кездесу барысында қорық мамандары құстардың экожүйедегі рөлі, олардың биологиялық алуантүрлілікті сақтаудағы маңызы, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар құстарды қорғау мәселелері жөнінде ғылыми-танымдық ақпараттар берді. Қатысушыларға көктем мезгіліндегі құстар миграциясының ерекшеліктері, олардың табиғи ортаға бейімделуі және индикаторлық түрлердің қоршаған ортаның экологиялық жағдайын анықтаудағы маңызы туралы түсіндірілді. Сонымен қатар табиғатты қорғау, құстардың мекен ету ортасын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында кеңінен насихат жұмыстары жүргізілді.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы аумағында құстардың 250-ге жуық түрі кездеседі. Оның ішінде 33 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Сондай-ақ 17 түрі экожүйенің табиғи жағдайын айқындайтын индикаторлық түрлер қатарына жатады. Бұл өңірдің орнитологиялық тұрғыдан ерекше маңызға ие екендігін көрсетеді. Осындай экологиялық іс-шаралар оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және биологиялық әртүрлілікті сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.