Атауы: Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар Министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Барсакелмес Мемлекеттік Табиғи Қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының негізі 1929 жылы бағалы аң терісін өндіретін қорғалым ретінде қаланған. 1939 жылы Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің №973 шешімі бойынша қорық статусы берілген. Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы – Тұран шөлейттерінің солтүстік және орташа аймақшалық типіне кіретін экожүйелерді қорғайтын Еуразиядағы бірден-бір қорық. «Барсакелмес» учаскесінің ұзақ уақыт бойы арал ретінде шектеуленуі өсімдіктер қауымдастығының толыққанды флористикалық құрамы және экологиялық жағдайлардың табиғи балансы, тұрақты құрылымымен өзінің антропогендік-аналогтарынан ерекшеленетін түпкілікті экожүйелерінің байырғы қалпында дерлік сақталуына септігін тигізді.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының көлемі 2005 жылдың 25-қарашасында Үкіметтің №1162 қаулысымен Арал теңізінің кепкен табаны мен шығыс жағалауларындағы бұрынғы аралдары қосылып 160826 гектарға ұлғайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 шілдедегі №484 қаулысына сәйкес Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының көлемі Сырдария өзенінің  Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін (2300 га) қосу арқылы ұлғайды.

2016 жылдың 19 наурызында ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағадарламасы бағыттаушы кеңесінің 28-ші сессиясы шешімімен Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы РММ-і негізінде құрылған Барсакелмес биосфералық резерваты ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының Әлемдік жүйесіне енді (сертификаты қосымшада). Бұл Қазақстандағы ЮНЕСКО мойындаған 6-шы биосфералық резерват болып табылады.

 

Қазіргі таңда Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы үш кластерлік учаскеден құралған, қорық аумағы - 163126 гектар, күзет аймағы – 52 160,54 га.

«Барсакелмес» учаскесі бұрынғы Барсакелмес аралы және оған жалғас жатқан Арал теңізінің кепкен табанын алып жатыр, көлемі 50884 га. Бұл учаске 2 бақылау-шолу аумағынан тұрады. 

«Қасқақұлан» учаскесіне Арал теңізінің бұрынғы шығыс жағалауы және аралдары кіреді, көлемі 109942 га. Бұл учаске 5 бақылау – шолу аймағынан тұрады. Мұнда қорықтың негізгі қорғауға алынған түрі – құландардың мекен ету аймағы және сексеуілдің табиғи үлкен тоғайы бар.

«Дельта»  учаскесі 2300 га құрайды. «Дельта» учаскесі 2012 жылдың 12 қазанында халықаралық статус алып, Рамсар конвенциясының тізіміне енген Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің сағасындағы 330 га құрайтын сулы-батпақты өңірлерге жатады. Зерттеушілердің мәліметтеріне сәйкес бұл аумақ 200 мыңға жуық жыл құстары мен осы жерлерде ұялайтын құстар және балықтың сирек кездесетін түрлері үшін, мысалы арал албырты және арал қаязы, маңызды.

 Рамсар тізіміне ену - халықаралық маңызды сулы-батпақты өңір атанған аумақтың құндылығын халықаралық дәрежеде мойындауды білдіреді.

Толығырақ оқу...