Осыдан 26 жыл бұрын 26 наурызда ҚР-ның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысымен Орталық Азия елдерінің президенттерімен 1993 жылдың қаңтар айында Ташкент қаласында қабылдаған шешімі бойынша 1993жылы 26 наурызда Қызылорда қаласында өткен Арал теңізі мәселелері жөніндегі 1 конференцияда жасалған келісім бойынша. Ол «Арал теңізі және Арал аймағы мәселелерін, экологиялық сауықтыруды, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуді бірлесіп шешетін ортақ шаралар туралы Келісім» деп аталған болатын. Келісімге Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Ақаев, Тәжікстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Э.Ш. Рахмонов, Өзбекстан Республикасының Президенті И.А. Каримов, Түрікменстан Президенті С.А. Ниязов қол қойған болатын.


Келісімнің арнайы баптарында Арал теңізі айдынындағы экологиялық дағдарысқа байланысты негізгі мәселелер нақтылы қаралды. Апаттың алдын алуға, қоршаған ортаны сауықтыруға және Арал аймағының әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз ететін, денсаулық сақтау, тұрмыстық қажеттіктерді өтейтін істерге тікелей назар аударылды. Келісімді орындаудың алғашқы шарты есебінде Халықаралық Арал қоры, Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес құрылып, олардың ұйымдық мәселелері шешілді. БҰҰ-ның Бас хатшысына Орталық Азия елбасыларының атынан Үндеухат жолданды. Онда Аралды сақтап қалуға, Арал аймағының келелі мәселелерін шешуге арналған шараларға дүниежүзілік қауымдастықтың назары аударылды.


Арал теңізі мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес– Арал мәселелерімен айналысатын Орталық Азия елдері (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан) Елбасылары кеңесінің атқарушы органы. 1993 жылы 26 наурызда Қызылорда қаласында құрылған. Кеңеске Орталық Азияның әр республикасы үкімет басшыларының орынбасарлары бастаған 5 адам және бақылаушы ретінде Ресей Федерациясының өкілдері енді. Мемлекетаралық кеңесті әр жылда Орталық Азия елдерінің біреуі алфавит тәртібі бойынша кезекпен басқаратын болып шешілді.


Арал теңізін сақтау жөніндегі халықаралық шаралар, Арал апатынан зардап шеккен елдер басшыларының іс-қимылдарына көмектесуге бағытталған алғашқы халықаралық келісім 1990 жылдың 24–26 қаңтарында БҰҰ-ның қоршаған орта Бағдарламасының (ЮНЕП) ұсынысымен жасалды.

 
Бұл халықаралық құжат «Арал теңізін сақтауға арналған нақтылы іске дайындыққа қатысу» деп аталды. 1990 жылғы 11–12 қарашада Хаттамаға қол қойылып, келісім заңды түрде бекітілді. Келісім бойынша дүниежүзілік дәрежедегі оқымыстылар мен мамандардың қатысуымен «Диагностикалық құжат» жасалды. Бұл үлкен ғылыми-тәжірибелік зерттеу Арал апаты кеселінің бетін ашып берді, нақтылы іске бағдарлама жасауға себін тигізді. «Диагностикалық құжат» 1992 ж. 4 тамызда ЮНЕП-тің басқаруымен Женева қаласында бекітілді, оған Қазақстан Республикасы атынан Ұ.Қараманов, К.Салықов, Н.Мұқитанов қол қойды. Келесі сатыда Дүниежүзілік Банк пен ЮНЕП, ПРООН, ЮНЕСКО, т.б. мекемелер қосыла отырып, Орталық Азия елдерінің мемлекетаралық кеңесінің және халықар. Арал қорының басшылығымен «Арал теңізі мәселелеріне нақтылы көмек бағдарламасын» іске қосты. Бұл тарапта бағдарлама, жобалар жасалып, ауқымды жұмыс қолға алынды.


Биылғы жылы Арал теңізі күні Алматы қаласынан бастау алды. Арал теңізі күніне орай Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастыруымен шағын футболдан Арал теңізі кубогын 2007-2008 жылғы жасөспірім футболшылар өзара сарапқа салды. Аталмыш турнирге  Арал өңірінің  жас футболшыларыда қатысып, лайықты өнер көрсетті. Сонымен қатар Арал теңізі күніне арналған іс-шаралар Қызылорда қаласында да өз жалғасын тапты. 25 наурыз күні Қызылорда қаласының Орталық Мешітінің ауласына тал көшеттері отырғызылды. 26 наурыз күні  Асқар Тоқмағамбетов атындағы театрда аталмыш іс-шараға байланысты мерекелік концерт және Арал теңізі жайында деректі фильм көрсетілді. 27 наурыз күні облыстық өлкетану музейінде дөңгелек үстел өткізілді. Қамыстыбас көлінің жанындағы ғылыми-туристік орталықта Арал қаласының әкімдігі, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы, Арал ауданының орман шаруашылығы мекемесі, Қосжар ауылының тұргындары тал көшеттерін отырғызды. Арал қаласында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының ғимаратында да Арал теңізінің күніне және Республикалық «Парктер шеруі-2019» табиғат қорғау акциясының ашылу салтанатына орай дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге Арал әйелдері қоғамдық бірлестігінің төрайымы Б.Жүгінісова, Барсакелмес МТҚ жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрайымы Х.Абулғазиова және аудан жастарымен қорық қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында теңіздің тарихы, бұрынғы және қазіргі жәй-күйі айтылып, құнды ақпараттар берілді.