Ерте кездерде Қазақстанның шөлейтті және шөлді алқаптарын мекендеген аңның бірі «қарақұйрық» деп аталады. Қарақұйрықтың дене бітімінде көзге оғаш көрінетін ешбір мүше мүлде байқалмайды. Оның денесіндегі барлық мүшелер бір-бірімен үйлесімді орналасып, аңның мүсінін сымбаттандыра түседі. Қарақұйрық көбіне еліміздің құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді алқаптарында таралған. Оның сапалы еті мен бағалы терісіне байланысты бейберекет көптеп аулаудың салдарынан олардың саны күрт азайып кеткен.
Қазіргі кезде қарақұйрықтың аздаған топтары еліміздің бірқатар Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында қорғауға алынған. Қарақұйрықтың саны күрт азайып бара жатқандықтан, Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Осы орайда, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының ұйымдастыруымен мамыр айында «Қарақұйрық» акциясы жүргізілді. Акцияның негізгі мақсаты – қалың жұртшылықты қарақұйрықтарды қорғаудың маңызы, қазіргі таңғы саны және оларға төніп тұрған қауіппен таныс ету.
Осы орайда, «Шөл еркесі – қарақұйрық» атты аудан мектептерінде кездесулер, республикалық және аудандық басылымдарда мақалалар жарық көрді.