Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы»  Заңына сәйкес мемлекеттiк табиғи қорықтарда экологиялық-ағартушылық шараларын жүргiзу үшiн мұражайлар, экспозициялар, көрсетiлiм жасау учаскелерi және басқа да объектiлер құрылуы мүмкiн. Осы орайда, еліміздің көптеген ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында Табиғат мұражайлары бар. Олар жалпы аймақтың биоәртүрлілігі және табиғатымен таныстыруға, сонымен қатар белгілі бір ерекше қорғалатын аумақтың экологиялық білім беру қызметін қолдауға бағытталған.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының кеңсе-ғимаратында Табиғат Мұражайы «Қорықтың биоәркелкілігі» тақырыбындағы фотокөрме залы ретінде ұйымдастырылған. Жыл сайын республикалық «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы аясында және де Халықаралық Мұражайлар күніне орайластырылып «Қорықтың ғажайып табиғаты» тақырыбында іс-шаралар ұйымдастырылады. Жыл бойына аудан қонақтары мен тұрғындары көрмемен танысуға келеді. Биыл да аталмыш шара аясында қорықтың көрме залына экскурсиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаға өз үлесімізді қосу мақсатында «Экологиялық біліміңді шыңда» атты кітаптар апталығы өткізілді. Апталықтың мақсаты еліміздің саналуан табиғатымен танысу, қоршаған ортаны қорғау ісін жетік меңгеру және де экологиялық тақырыптардағы әдеби шығармалармен танысу. Марафон барысында мекеме қызметкерлері және өзге де ынта білдірушілерге Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының кітаптар қорынан қалаған кітабын алып оқуға мүмкіндік берілген болатын. 1 аптаға созылған кітаптар марафоны 18 мамыр күні тамамдалып, қатысушылар мекеменің ғылыми кітапханасында жинақталған басылымдар туралы өз ойларымен бөлісті.