Арал қаласындағы аудандық мәдениет үйінде №220 орта мектептің 11-сынып оқушыларымен «Туған жер табиғаты – ортақ байлығымыз» тақырыбында экологиялық кездесу-сабағы ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттыру, туған өлкенің табиғи байлықтарын қорғаудың маңызын түсіндіру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыру.
Кездесу барысында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының экологиялық ағарту бойынша бас инженері А. Есенова оқушыларға табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет екенін түсіндірді. Таза ауа, мөлдір су, құнарлы жер мен алуан түрлі тіршілік иелері табиғи ортаның ажырамас бөлігі әрі болашақ ұрпаққа аманат етілген ортақ байлық екені атап өтілді.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызы, қоршаған ортаны таза ұстау, қоқысты сұрыптау, су мен электр энергиясын үнемдеу, ағаш отырғызу және өсімдіктер мен жануарларға қамқорлықпен қарау мәселелері қозғалды. Оқушылардың күнделікті өмірде экологиялық мәдениетті ұстануы, мектеп пен елді мекен тазалығына үлес қосуы және табиғат аясында тазалық сақтау дағдыларын қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Экологиялық тәрбие жас ұрпақтың табиғатқа деген көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Әрбір адамның табиғатты қорғауға бағытталған қарапайым әрекеті қоршаған ортаның сақталуына үлес қосады.
Туған жер табиғатын қорғау – бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігі және болашақ алдындағы ортақ парызымыз.