Республикалық «Парктер шеруі – 2026» табиғат қорғау акциясы және Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қаладағы бірқатар білім беру ұйымдарында экологиялық дәріс-сабақтар ұйымдастырылды. Іс-шаралардың басты мақсаты – жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару. Дәріс-сабақтар барысында оқушыларға экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызы, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемі таныстырылып, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді қорғаудың өзектілігі түсіндірілді. Кездесу аясында «Қызыл кітаптың» табиғатты қорғаудағы рөлі жөнінде мазмұнды мәліметтер ұсынылды. Оқушылар табиғи ортаны таза ұстаудың маңызы, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, экологиялық әдеттерді қалыптастыру және табиғатқа ұқыпты қараудың қажеттілігі туралы пікір алмасты. Шара барысында қатысушыларға қоршаған ортаны қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екені түсіндіріліп, табиғатты сақтау бағытындағы экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақырылды. Осындай танымдық дәрістер жас буынның экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.