«Таза Қазақстан» және «Парктер шеруі» экологиялық акциялары аясында Арал индустриалды-техникалық колледжінде «Экологиялық мәдениет – қоғам дамуының негізі» атты танымдық дәріс ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – жастардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын насихаттау болды.
Дәріс барысында студенттерге қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, биоалуантүрлілікті сақтау, климаттың өзгеруі және экологиялық қауіптердің алдын алу мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, табиғатты қорғау ісіне әр азаматтың қосар үлесі, күнделікті өмірде экологиялық әдеттерді қалыптастыру жолдары туралы кеңінен айтылды.
Іс-шараны Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының директоры Х. Қаниев пен бас экологиялық ағарту инженері А. Есенова жүргізді. Мамандар қорық аумағында жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу және табиғатты қорғау жұмыстары туралы мәлімет беріп, аймақтың сирек кездесетін өсімдіктері мен жануарларын сақтау бағытындағы іс-шараларға тоқталды.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамалар туралы пікір алмасты. Мұндай танымдық дәрістер жастардың экологиялық санасын қалыптастырып, табиғатты қорғау ісіне белсенді қатысуына ықпал ететіні атап өтілді.