"Таза Қазақстан" және "Парктер шеруі" экологиялық акциялары аясында №83 орта мектебінде "Таза Қазақстан – BioChem көзімен" атты танымдық әрі мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру және жасыл бастамаларды қолдау болды. Сонымен қатар, мектеп оқушыларын табиғатты аялауға, экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауға тәрбиелеу көзделді.
Іс-шара барысында оқушылар табиғатты қорғауға арналған шығармашылық көріністер ұсынып, экологиялық тақырыптағы үндеулерін жеткізді. Олар "Таза Қазақстан" бағдарламасының маңыздылығы туралы ой бөлісіп, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған өз жобаларын таныстырды. Оқушылар еліміздің табиғатын сақтау, қалдықтарды сұрыптау, энергияны үнемдеу, су ресурстарын қорғау және жасыл технологияларды енгізу бағытындағы бастамаларын ортаға салды. Жас зерттеушілердің тың идеялары мен жобалары қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, экологиялық мәселелерге деген жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетті.
Шараға арнайы қатысқан Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының бас инженері Алма Есенова "Экологиялық қауіпсіздікке қосар үлесіміз" тақырыбында оқушылармен кездесу өткізді. Кездесу барысында табиғатты қорғаудың маңызы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлі, биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, оқушыларға қорықтағы жұмыс тәжірибесі туралы айтып, табиғатты қорғау ісіне әрбір азаматтың қосар үлесі маңызды екенін атап өтті. Жас ұрпақты табиғатты аялауға шақырып, экологиялық жауапкершілікті арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды.
Сонымен қатар, мектеп ұстаздары көгалдандыру жұмыстары бойынша тың идеяларын ұсынып, оларды тәжірибелік түрде көрсетті. Мектеп аумағын абаттандыру, гүлзарлар отырғызу, ағаш егу, экологиялық бұрыштар ұйымдастыру сияқты бастамалар ұсынылды. Бұл жұмыстар оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға және жасыл ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Іс-шара соңында қатысушылар табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, қоршаған ортаны сақтау жолында бірлескен жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын жеткізді. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа жанашыр көзқарасты қалыптастыруға үлкен үлес қосады.
https://www.barsakelmes.kz/kz/zhanaly-tar/1857-alma-bgpz-taza-aza-stan-biochem-k-zimen-83-mektepte-ekologiyaly-is-shara-tti.html#sigFreeId108fcb888c










