Үстіміздегі жылдың 9 сәуір күні «Парктер шеруі» және «Таза Қазақстан» экологиялық акциялары аясында, Халықаралық құстар күніне орай Қаратерең ауылының №82 орта мектебінде «Құстар – біздің досымыз» атты экологиялық-танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру, құстарды қорғау мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу. Шара барысында мектеп оқушылары өздерінің салған суреттерін таныстырып, құстар тақырыбындағы ғылыми жобаларын қорғады. Сонымен қатар, олар өз қолдарымен жасаған құс ұяларының ерекшеліктері, оларды дайындау тәсілдері және құстар үшін маңызы туралы айтып берді.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының бас экологиялық ағарту инженері Алма Есенова оқушыларға құстардың табиғаттағы рөлі, қорық аумағында кездесетін сирек және қорғауды қажет ететін құс түрлері туралы кеңінен мәлімет берді. Сондай-ақ, құстарды қорғау, олардың мекендеу ортасын сақтау және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз етудегі әрбір адамның жауапкершілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында оқушылар белсенділік танытып, өз ойларымен бөлісіп, табиғатты қорғау бағытындағы бастамаларға қызығушылықтарын білдірді. Шара соңында Қаратерең ауылының мешіт ауласына құстарға арналған ұялар орналастырылып, құстарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған нақты жұмыстар атқарылды.
Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың табиғатты аялауға деген көзқарасын қалыптастырып, биоалуантүрлілікті сақтау ісіне үлес қосуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
https://www.barsakelmes.kz/kz/zhanaly-tar/1845-aratere-auylynda-star-bizdi-dosymyz-atty-tanymdy-is-shara-tti.html#sigFreeId7143f8370a










