Бүгін Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» және «Парктер шеруі - 2026» экологиялық акциялары аясында, сондай-ақ Наурыз мейрамының Жаңару күніне орай көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылып, өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты - қоршаған ортаның экологиялық жағдайын жақсарту, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару және табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды насихаттау болып табылады.

Көгалдандыру жұмыстары қорықтың әкімшілік ғимараты аумағында және №292 орта мектебінің ауласында жүргізілді. Іс-шараға қорық қызметкерлері, Арал ауданының мемлекеттік емес ұйымдарының өкілдері, мектеп ұжымы, белсенді жастар мен оқушылар қатысты.

Акция барысында жалпы саны 100 дана қайың мен терек көшеттері отырғызылды. Аталған жұмыстар аумақты көркейтуге, жасыл желекті көбейтуге және экологиялық қолайлы орта қалыптастыруға өз үлесін қосты.

Мұндай экологиялық іс-шаралар жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруда, туған жерге сүйіспеншілігін қалыптастыруда және экологиялық сананы дамытуда маңызды рөл атқарады. Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы алдағы уақытта да табиғатты қорғауға бағытталған осындай игі бастамаларды жалғастыра береді.