Әрбір әдемі табиғат көрінісінің артында оны бізге жеткізетін жанның көзге көрінбейтін еңбегі бар. Ал сол сәттерді дәл тауып, табиғаттың қайталанбас сұлулығын объективке сыйдыру — үлкен шеберлік пен төзімділікті талап ететін жұмыс.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының ғылым бөлімінің қызметкері Нұртуған Сахиев — қорықтың бай табиғатын, жануарлар дүниесін және қайталанбас көріністерін фото мен бейнетаспаға түсіріп, қорықтың фото-видео қорын толықтыруға үлес қосып жүрген мамандардың бірі.
Оның әрбір түсірген кадры — табиғаттың бір сәттік тынысын сақтаған шежіре, әрбір бейнежазбасы — келер ұрпаққа қалатын құнды мұра. Көзге көріне бермейтін осы еңбектің арқасында Барсакелмес табиғатының ғажайып әлемі көпшілікке таныстырылып, оның байлығы мен сұлулығы кеңінен насихатталуда.
Орманшылар күні қарсаңында табиғатты қорғау мен оның байлығын сақтауға үлес қосып жүрген барша мамандардың еңбегіне құрмет білдіреміз! Табиғатқа деген сүйіспеншілік пен кәсіби жауапкершілікті ұштастырған еңбектеріңіз жемісті болсын!
Табиғатты қорғау — ортақ міндет, ал оны келер ұрпаққа жеткізу — үлкен жауапкершілік!










