Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы мен «Парктер шеруі» халықаралық экологиялық акциялары аясында Арал индустриялық-техникалық колледжі студенттерімен бірлесіп «Парктер шеруі – табиғат шеруі» атты ауқымды экологиялық  іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне қоғам назарын аудару және экологиялық сананы дамыту болды. Шараға қорық қызметкерлері, колледж оқытушылары мен студент жастар белсенді қатысып, табиғатты қорғаудың маңыздылығы туралы пікір алмасты.
Іс-шараның ашылу салтанатында Арал индустриялық-техникалық колледжінің директоры Р. Айназаров жастардың экологиялық тәрбиесі — болашақтың кепілі екенін атап өтіп, қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтты. Ал Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының директоры Х. Қаниев табиғатты сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, экологиялық акциялардың қоғамға тигізер пайдасы мен маңызын түсіндірді. Сонымен қатар ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың биоалуантүрлілікті сақтаудағы рөліне кеңінен тоқталды.
Шара барысында студенттерге табиғатты қорғау, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау, экологиялық әдеттерді қалыптастыру тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар экологиялық ұрандар айтып, табиғатты аялауға шақыратын плакаттармен шеруге шықты. Экологиялық шеру қала тұрғындарының назарын табиғатты қорғау мәселелеріне аударып, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушылар табиғатты қорғау — тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екендігін атап өтіп, осындай экологиялық акциялар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. «Парктер шеруі – табиғат шеруі» акциясы жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатты қорғау идеяларын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.