Көрісу күні - бірлік пен ізгіліктің мерекесі

Бүгін Арал ауданында ұлыстың ұлы күні - Көрісу күніне арналған ауқымды мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл тағылымы терең дәстүр халқымыздың бір - бірімен амандасып, ақ ниетпен қауышуына, татулық пен сыйластықты нығайтуға бағытталған ерекше күн болып саналады.

Мерекелік іс - шара барысында аудан тұрғындары мен қонақтары бір - біріне жылы лебіздерін білдіріп, амандық - саулық сұрасып, ізгі тілектерін арнады. Ұлттық өнер көрсетілімдері ұсынылып, қазақ халқының салт - дәстүрлері дәріптелді. Көрісу күні - тек амандасу мерекесі ғана емес, ол - ел бірлігін бекемдейтін, ізгілік пен мейірімділікті насихаттайтын маңызды дәстүр.

Аталған шараға Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері де белсенді түрде қатысты. Олар қазақы ұлттық киім үлгісінде мерекелік іс - шараға қатысып, елмен бірге көрісіп, ақжарма тілектерін жеткізді. Қорық қызметкерлері табиғатты қорғау саласындағы жауапты міндеттерін атқара отырып, осындай мәдени және рухани іс - шараларға қатысу арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлестерін қосуда.

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы ұжымы табиғатты сақтау, экологиялық мәдениетті дамыту және қоғаммен тығыз байланыс орнату бағытындағы жұмыстарды жалғастыра отырып, халықтық дәстүрлерді қолдауға әрдайым дайын екенін атап өтті.

Көрісу күні - өткен мен бүгінді сабақтастыратын, ел ішіндегі ынтымақ пен берекені арттыратын, жүректерге жылулық сыйлайтын ерекше мереке. Мұндай игі бастамалар қоғамдағы өзара құрмет пен бірлікті нығайтып, ұлттық рухты көтеруге қызмет етеді.